Today: 25-11-2024

Неге Қазақстанда су мамандары тапшы?


Сарапшылар және кәсіби мамандар су саласындағы кадр тапшылығы, оларды оқыту және біліктілік жөнінде


Қыркүйектің басында Қазақстанда су ресурстары және ирригация министрлігі құрылды. Саланың қордаланған мәселелері осыған алып келді.

Көп түйткілдің бірі — лайықты кәсіби құзыреті бар мамандардың жетіспеуі. Мемлекет мәселені шешуге көмектесетін жаңа тұжырымдамалық құжаттар әзірлеп жатыр, ал сарапшылар қолға алып жатқан шаралар жеткіліксіз деп санайды.

Власть су саласының мамандарымен және сарапшылармен қазіргі таңда аса қажет кадрларды жұмыспен қамту және білім беру саласындағы ахуал туралы сөйлесті.

22%-ы ғана жұмыс таба алады

Қазақстанда 2023–2029 жылдарға арналған су ресурстарын басқару жүйесін дамыту тұжырымдамасы әзірленіп жатыр. Ол жерде де білікті және жас мамандардың тапшы екені айтылған. Құжатта су шаруашылығы бойынша жылына бар болғаны 200 маман жоғары оқу орнын бітіретіні, 100 түлек орта техникалық білім алып шығатыны көрсетілген. Жалпы түлектердің тек 22%-ы ғана мамандығы бойынша жұмысқа орналасады екен.

Сонымен бірге тұжырымдамада су шаруашылығы саласын бітірген инженерлердің дайындығы 1990 жылдардағы мамандарға қарағанда әлсіз екені айтылған. Көптеген жоғары оқу орнында оқыту тек «су ресурстары және суды пайдалану» бойынша жүргізіледі. Бірақ елге «гидромелиорация», «өзен құрылыстары мен су электр станцияларының гидротехникалық құрылысы», «суару жұмыстарын механикаландыру», «су шаруашылығындағы экономика», «гидрогеология және инженерлік геология», «сумен жабдықтау және су бұру» және «жердегі гидрология» сияқты сала мамандары қажет.

Гидротехникалық құрылыстарды жобалау және пайдалану бойынша салалық мамандар, сонымен қатар су қорын мемлекеттік бақылау және қорғау жөніндегі бассейндік инспекциялардың аумақтық басқармаларында кадр жетіспейді.

Себеп ретінде қажет зертханалық базаның және тиісті оқытушы құрамның болмауы көрсетіледі. Бұған қоса оқу бағдарламалары да практикалық қызметпен аса байланысты емес, ал саладағы жалақы төмен.

«Ұрпақтар сабақтастығы қағидатын бұзудың қауіпті тенденциясы бар сияқты, өйткені жоғары білікті маман дайындау үшін және сондай маман болу үшін кемі 10–15 жыл қажет», — делінген тұжырымдамада.

Болжам бойынша, 2029 жылға қарай кадрға қажеттілік 800 адамға дейін артады, ал оларды даярлау үшін 350-ге жуық педагогика маманы қажет болады. Оның ішінде 170 маманның ғылыми дәрежесі болуы керек.

Білім беру

Ғылым және жоғары білім министрлігі Власть сауалына берген жауабында қазір 10 жоғары оқу орны су ресурстары саласында кадр дайындап жатқанын айтты. Көпшілігі «Су шаруашылығы» және «Су ресурстары» мамандығы бойынша оқиды, ал инженер мамандар тек М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде оқытылады (бұдан әрі ТарӨУ – В.).

Кеңес заманында Қазақстанда су саласының мамандары көбіне Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтын (әрі қарай ЖГМҚИ – В.) және оның Қызылордадағы филиалын оқып, тәмамдайтын. Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметі бойынша, институт инженер мамандарды дайындаған, оқу орнындағы оқытушылар құрамында жоғары білікті мамандар болған. Сонымен қатар, бұл институттың қуатты зертханалық базасы және ғылыми инфрақұрылымы болған.

Бұған қоса, Су шаруашылығы проблемалары ғылыми-ақпараттық орталығының Қазақстандағы филиалының сарапшысы Құралай Яхияеваның айтуынша, орта буын мамандары Ванновскийдегі, Шамалған және Қызылордадағы ирригация-мелиорация техникумдарында білім алған.

Қазір бұл техникумдар көпсалалы колледжге, ал институттар университетке айналды. Мысалы, ЖГМҚИ-ді педагогикалық және технологиялық кафедралармен біріктіріп, ТарӨУ ашылды. Ал ЖГМҚИ Қызылорда филиалы бірқатар қайта құрудан кейін жергілікті мемлекеттік университеттің құрамына енді.

«Қазір көп университетте су ресурстары бойынша мамандық ашылды. «Су ресурстары» бойынша сабақ бергенде бұл пәннің қаншалық қарапайым пәнге айналғанын көрдім. Студент инженерлік емес, гуманитарлық пәндерді көбірек оқиды. Қазір «Су ресурстары» мамандығының түлегі инженерлік есептерді шығаруды, жұмыс сызбаларын салуды және оқуды білмейді. «Гидромелиорация», «гидротехника», «сумен жабдықтау және канализация» сияқты мамандықтар не жабылып қалды, не оған ешкім оқуға түскісі келмейді», — дейді ол.

Яхияева кеңестік жүйеде оқыған мұғалімдердің зейнеткерлікке шыққанын, ал жаңадан келген мұғалімдердің көп жағдайда практикалық тәжірибесі жоқ екенін және жергілікті жерде жұмыс бола бермейтінін айтады.

Қазақстандағы жоғары оқу орындарының біріндегі гидролог оқытушы Әсем Нұрмаханова (сарапшының өтініші бойынша аты-жөні өзгертілді – В.) қазіргі білім беру бағдарламалары кеңестік үлгі бойынша құрастырылғандықтан, Қазақстанның су ресурстары саласындағы қазіргі қауіп-қатерге жауап бере алмайтынын айтады.

«Ол кезде су қоймаларын, гидротехникалық құрылыстарды, өзендерге көпір мен бөгеттерді салу үшін түрлі зат қажет болды. Бірақ қазір оларды жөндеу керек. Біз осы су қоймалары мен құрылысты қалпына келтіріп, күтіп ұстауға және жұмыс істеуге қабілетті мамандарды дайындауымыз керек. Себебі олар қазірдің өзінде тозып қалған, көктемде еріген мұзға төтеп бере алмайды », — дейді сарапшы.

Дегенмен, су ресурстары мамандықтарына әлі күнге сұраныс жоқ. Яхияеваның айтуынша, бұл мамандыққа оқуға түскендердің көбі – басқа мамандық бойынша грантқа түсе алмағандар.

«Кейінгі уақытқа дейін су ресурстарының бейіндік пәні география болды. Ол да экономикаға жатады. Студенттер бірінші таңдау ретінде экономика және басқа мамандықтарды, ал соңғы таңдау ретінде «Су ресурстарын» таңдайды. Сол үшін сабақ бергенде бұл мамандықты кім өз бетімен таңдағанын сұрадым. 25 адамның ішінен тек бесеуі өзі таңдаған. Олардың өзі мамандықты тек атасы гидротехник не осыған ұқсас сала маманы болғаны үшін таңдапты. Ол студенттерді қалдыруға тырысамыз, себебі кейбірі оқу кезінде басқа мамандыққа, тіпті ақылы бөлімге ауысып жатады», — дейді ол.

Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметі бойынша, су шаруашылығы саласына кадр даярлауға жыл сайын 400-ден астам орын бөлінеді, ал жаңа тұжырымдамада грант санын арттыру қарастырылған. Кадр даярлау жөніндегі тапсырысты қалыптастыру кезінде министрлік ел экономикасының секторлары үшін кадр қажеттігінің орта мерзімді болжамына сүйенеді.

«Аз балл жинасаң, ешкім керек етпейтін гранты бар мамандыққа түсесің. Биыл 26 гидрологты қазақ тобына, алтауын орыс тобына түсуге үгіттедік. Оның ішінде ешкімнің гидрологиядан хабары жоқ. Өзіміз де күн көру үшін әйтеуір да бір жолмен студент тарту керек. Бірақ бір семестр өткен соң бәрі мамандық қатты қызық емес екенін айтып шағымдана бастайды», – дейді Нұрмаханова.

Ол студенттерге берілетін грант санын анықтайтын комиссияда жұмыс істегенін айтады. Сарапшының айтуынша, «комиссияда ешкім талдаумен айналыспайды, көп нәрсе тек формалды түрде жасалады».

«Үкімет грантты көп бөлген сайын, маман да көбейіп, сонымен мәселе шешіледі деп ойлайды. Бірақ мәселеміз ол емес. Біз гидротехниктер мен гидромелиораторларды оқытамыз. Бірақ кейін оларға қай жерден жұмыс береміз? Бұрын мұндай маман істеген жердің бәрінде қысқарту болып, жұмыс орны азайған», — дейді сарапшы.

Ол Кеңес дәуірінде гидрология мамандығына небәрі 25 адам қабылданса, арасынан 12–15 адам бітіріп шыққанын, бұл ел игілігіне жеткілікті болғанын және барлық түлек жұмысқа орналасқанын айтады. Олар көбіне «Қазгидромет» гидрометеорологиялық қызметінде немесе «Қазгипроводхоз» ғылыми институтында жұмыс істеген. Бұл екі мекеменің штаты бірнеше есе қысқартылды.

«Қазір гидрологтарға жыл сайын 150-ге жуық грант бөлінеді, бірақ олар қай жерге жұмысқа тұрады?» — деді Нұрмаханова.

Швециядағы Лунд университетінің гидрологы және зерттеушісі Кәмшат Түсіпованың айтуынша, Қазақстанда гидротехникалық құрылыстар, су құбырлары және тағы басқасы бойынша қызмет көрсететін орта арнаулы техникалық және кәсіптік білімі бар мамандардың қаншалық сапалы білім алып жатқаны да – басы ашық мәселе.

«Елімізде гидротехникалық құрылыстарды күтіп ұстау және басқару секторында жеті мыңға жуық адам жұмыс істейді. Жартысынан астамы жоғары білімі жоқ, орта арнаулы техникалық білімі бар колледж түлектері. Бүкіл әлемде жағдай осындай. Сонымен қатар, Қазақстанда кемі бірнеше жүздеген гидротехникалық құрылыс қатты тозған. Бұл мамандар оларды дұрыс ұстап, жақсы пайдаланғанда, тозу пайызы аз болуы мүмкін еді», — деп есептейді ол.

Түсіпова ауыз судың болуы, нысандарды күтіп ұстау, ауыз суды тазарту және жеткізу мәселелері бойынша зерттеулері аясында Қазақстанның әртүрлі аймағындағы бірқатар ауылды аралаған. Оның айтуынша, салада техникалық білімі бар мамандар аз, ал кейбірі кәсіптік білімі жоқ жалпы жұмысшы.

«Қарапайым тілмен айтқанда, елімізде су құбырларында қызмет ететін кәсіби мамандар болса, проблема да азырақ болады. Ғылыми зерттеушілер көп болып, техникалық кадр біліксіз болса, су инфрақұрылымы тозып кетеді. Сарапшылар аз болса, жаңашылдық та болмайды. Тепе-теңдікті сақтау керек», — дейді сарапшы.

Фото авторы Жанар Каримова

Түсіпова гидротехникалық құрылыстарды жобалау ісі бойынша білікті түлектерді мысал етті. Алайда, тәуелсіздік алғаннан бері кейбір ерекшелікті қоспағанда, Қазақстанда іс жүзінде бірде-бір ірі гидротехникалық құрылыс салынбаған.

«Елімізде 377 гидрологиялық бекет бар, тікелей мәліметтерді жинау ісін колледждер мен орта арнаулы техникалық оқу орындарын бітірген мамандар жүзеге асыра алады. Бұл – ұлттық біліктілік шеңбері бойынша төртінші деңгей. Олар өлшем алады. Бұл жұмыс үшін PhD деңгейіндегі құзырет жиынтығы сәйкес келмейді. Механикалық және жергілікті түрде жасалатын кез келген нәрсені әдетте колледж түлектері жасайды. Теориялық тұрғыдан бізге техникалық орта және кәсіптік білімі бар, қазіргі заманғы талаптарға жауап беретін құзырет жиынтығына ие адамдар қажетірек», — деп толықтырды Түсіпова.

Алайда, ол мемлекет тарапынан колледждерге жеткілікті көңіл бөлінбейтінін, колледждердегі қаржыландыру төмен екенін және заманауи технологиялардың толық енгізілмегенін айтады.

«Көп нәрсе деректерді жинайтын қарапайым маманға байланысты. Қызметкер деректі қате жинаса, есепте де қате кетуі мүмкін. Сонымен қатар цифрлық технологиялардың қарқынды дамып келе жатқаны сонша, оларды енгізу кеңейтуді және жаңа құзыреттерді алуды талап ететінін атап өткім келеді», — дейді ол.

Сонымен қатар ол Қазақстанға «жүйелі ойлау мен талдауды» меңгеретін, су ресурстары мен оларды басқару саласын түсінетін менеджерлерді дайындау қажет деп санайды.

«Тұжырымдамаға қатысты бәрі анық болған кезде белгілі бір заманауи, тіпті мүлдем жаңа құзыреттерге ие кадрларды дайындай аламыз», — деп түйіндейді Түсіпова.

«Еңбек жолын енді бастаған маманның жалақысы 100 мың теңгеге жетпейді»

Яхияева түлектердің тек 20%-ы мамандығы бойынша жұмысқа тұратынын айтады. Мұның бір себебі – жалақы мен әлеуметтік қамсыздандырудың төмендігі, жұмыс көлемінің көптігі. Айтуына қарағанда, «Дипломмен ауылға» деген сияқты мемлекеттік бағдарламаларға су саласының мамандары кірмейді, ал еңбек жолын жаңадан бастаған маман 100 мыңнан төмен жалақы алады.

Сарапшы жалпы штаты 140-қа жуық адамнан тұратын Су ресурстары комитеті туралы да айтты. 140 адамның 98-і сегіз бассейндік инспекцияда, 42-сі бас кеңседе жұмыс істейді. Өз орнында екі-үш адам бірнеше аумаққа қызмет көрсетеді.

«Олар суды пайдаланушылардың есебін қабылдайды, бұған қоса су ресурстарының қорғалуы мен бөлінуін де бақылауы керек. Ойланып көріңізші. Ал олардың жалақысы 150 мыңға да жетпейді. Жас маман келіп, алты ай бойы 90 мың теңгеге жұмыс істеп, кейін кетіп қалады, сонымен болды», — дейді ол.

Ғылым және жоғары білім министрлігі «Су шаруашылығы» мамандығы түлектерінің орташа жалақысы шамамен 130 мың теңге екенін айтады.

Ернар Мәдиев 2006 жылдан бері осы салада жұмыс істеп келе жатыр, ол Ертіс бассейндік инспекциясының бастығы міндетін атқарады. Мәдиев істейтін мекемедегі ең ауыр мәселе кадр тапшылығы екенін айтып отыр. 2020 жылға дейін инспекция штатында 25 адам жұмыс істесе, кейін штат 11 адамға қысқарған.

«Нәтижесінде бір адам төрт-бес адамның жұмысын істейді. Ал бізде облыстар үлкен, су қоймалары мен су жолдары бар. Елде гидротехниктер болмаған соң, қазір бізде инженерлер жетіспейді. Сумен жабдықтаушылар оқуын бітіреді, бірақ жеке кәсіпорындарда жалақы жоғары болған соң, сол жаққа жұмысқа кіреді», – дейді ол.

Мәдиевтің айтуынша, бассейндік инспекцияның бас мамандары 200–240 мың теңге арасында жалақы алады. Бұған қоса материалдық-техникалық жабдықтар да ескірген. Соңғы рет ол 2018 жылы, ал ұйымдастыру технологиясы 2014 жылы жаңартылған.

Фото авторы Жанар Каримова

Яхияева «Су мәселелері жөніндегі ғылыми-ақпараттық орталықтың» Қазақстандағы филиалы 2006 жылдан бері мемлекеттен жалақы алмағанын айтты. Орталық қызметкерлері табыс әкелетін жобаларды өз бетінше табады. Бұл ретте ол Орталық Азияның барлық елінде осындай ғылыми-ақпараттық орталықтар құрылғанын, олардың тұрақты жалақы алатынын және штаты да "осал емес" екенін атап өтті.

«Орталық 1997 жылдан бері жұмыс істейді. Жұмысқа барамыз, кабинетіміз бар, "Казгипроводхоз" институтында тегін отырамыз. Бір кездері олардың өздеріне кабинет жетпей, бізді шығарып жіберген. Басында Гидрогеология институтында, кейін ҚазҰАУ-да қаңғып жүріп, ақыры қайтып оралдық. Бізде материалдардың үлкен мұрағаты бар, сараптама жасаймыз, экология және табиғи ресурстар министрлігінің су ресурстары комитетіне және трансшекаралық өзендер департаментіне материал береміз. Су дипломатиясы мен келіссөздер бойынша материалдар дайындап жатырмыз», — дейді ол.

1950 жылы құрылған Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты да Власть-ке берген жауабында жас және жоғары білікті кадрлар тапшы екенін айтты. Сонымен қатар бұның «Сумен жабдықтау, кәріз және жайылымдарды суару», «Гидротехникалық құрылыстар», «Суғару және құрғату жұмыстарын механикаландыру» мамандықтары бойынша кадр даярлаудың қысқаруына байланысты екені айтылды.

Қазір ғылыми институтта 105 адам жұмыс істейді, оның ішінде 22 адам – жас зерттеуші. Институт елде қолданбалы ғылыми-зерттеу жұмыстарына бюджеттен жеткілікті қаражат бөлінбейтінін, бизнес тарапынан да толық қолдау жоқ екенін айтады.

«Институт қызметкерлерінің орташа жалақысы – шамамен 200 мың теңге. Жас мамандар 160 мың теңге, ғылыми қызметкерлер 290 мың теңге алады. Жұмысымыз көп еңбекті қажет етеді, әлеуметтік қорғау мен жеңілдіктер жоқ. Бұл жас ғалымдардың санына әсер етеді», — делінген институт хабарламасында.

Сонымен қатар, институт 2020 жылдан бастап экология және табиғи ресурстар министрлігінің құрамында болғандықтан, қаржыны тиісті министрліктен алудың орнына, ауыл шаруашылығы министрлігінен алатынын айтты.

«Институт төрт жылдан бері ғылыми зерттеулерге экология және табиғи ресурстар министрлігінен бір теңге де алған жоқ. Алайда министрлік үнемі тапсырыс беріп, институтты жұмыспен жүктеп отырады. Жұмысты аяқтау үшін қысқа мерзім береді – үш жыл, осылайша нәтижелердің ғылыми деңгейін төмендетеді. Бұл мерзім бес жыл болып бекітілуі керек», — деді институт өкілдері.

Олардың айтуынша, институтқа өңдеу жұмыстарына немесе өндіріске жаңа техникалық бағдарламаларды енгізуге қаржы бөлінбейді. Сонымен қатар, материалдық-техникалық база ескірген, тозған.

«Автокөлік паркі өз ресурсын толығымен тауысты, ал ғылыми жұмыс, су шаруашылығы нысандарындағы далалық зерттеулермен тікелей байланысты», — дейді институт.

Институт Қазақстанда су шаруашылығы саласындағы ғылымға «елеусіз» нәрсе ретінде қарайтынын және Қазақстанның су шаруашылығы саласындағы барлық жоспар мен бағдарламаның «декларатив сипатта» екенін айтады.

«Бүкіл әлемде инженерлік және ғылыми қызметкерлер еңбек ресурстарының ең жоғары жалақы алатын бөлігі болып есептеледі. Бұл – алдыңғы қатарлы елдердің қарқынды дамуының кепілі. Қазақстанда тұтас алғанда ғылымды қаржыландыру деңгейі елдің жалпы ішкі өнімінің 1%-ына да жеткен жоқ, ал дамыған елдерде бұл көрсеткіш әлдеқайда жоғары және олардың қаржы көлемін ескерсек, Қазақстандағы ғылыми қызметтің көрінісі мүлдем аянышты көрінеді», — деп түйіндеді институт өкілдері.

«Мемлекет өзіне қандай мамандар қажет екенін нақтылауы керек»

«Мемлекет 4-тен 8-ге дейін (4 – орта арнаулы білімі бар маман, 6 – бакалавр, 7 – магистр, 8 – PhD докторы) біліктілік шеңберінің қай деңгейінде қандай құзыреттер жиынтығы бар мамандар қажет етіп отырғанын нақтылауы керек. Мысалы, біздің елге қандай мамандық бағыттары қажет екенін шешу қажет: суды тиімді бөлуді есептейтіндер ме, әлде суға тарифтік жүйені жасайтындар ма? Бұл екеуі екі бөлек құзырет», — дейді Швециядағы Лунд университетінің гидрологы және зерттеушісі Кәмшат Түсіпова.

Оның пайымдауынша, су секторы мамандарын даярлау — су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың тұжырымдамасына кемі алдағы 5–10 жылда енгізілуге тиіс тәсілдер мен принциптерге байланысты болады. Дегенмен, ол әзірге тұжырымдамада нақты көрініс жоқ екенін айтады.

«Nature-based solutions ұғымына келетін болсақ (әлеуметтік және экологиялық мәселелерді шешуде табиғи шешімдерді пайдалану – В.), бұл тәсілдердің мәнін түсінетін басқарушылар болуы керек. Қазір ағынды суларды тазарту үшін инженер химиктер мен экологтар қажет болса, сулы-батпақты жерлерде ағынды суларды ішінара тазарту үшін микробиологтардың, тіпті ботаниктердің білігі қажет болады. Заманауи, әсіресе, экологиялық таза технологияларды енгізіп, соларға көңіл бөлер болсақ, бізге басқа, жаңа құзыретке ие мамандар қажет. Мысалы, қашықтан зондтау кескіндері 20 жыл бойы қолданылып келеді. Ал «Қазақстан ғарыш сапары» ұлттық компаниясы» АҚ-да әлі де бір-екі маман ғана бар. Ол үшін жаңа мамандарды дайындаудың қажеті жоқ, бар құзыреттерді кеңейту керек. Үнемі өзгеріп отыратын әлемге ілесуге көмектесетін үздіксіз білім алу қағидасы (life-long learning) осы», — дейді Түсіпова.

Түсіпова мемлекет дамудың қай бағытта жүріп жатқанын, қандай мамандардың қандай мақсатта және қандай біліктілігі бар мамандар қажет екенін нақты анықтағаннан кейін, бұл сауалды ғылым және жоғары білім министрлігі мен білім министрлігіне жолдау қажет деп есептейді. Ал министрліктер әртүрлі әдісті қолдана отырып, маман дайындап, өндірістік жұмыста істейтін кадрларды оқыту үшін қажет құзыретті үйретуі керек.

Мемлекеттің жоспарлары

Су ресурстарын басқару жүйесін дамыту тұжырымдамасында мемлекет су шаруашылығын «кадрлармен қамтамасыз ету» бойынша бірнеше қадамды атап көрсетеді. «Су шаруашылығының имиджін жақсартуды» жоспарлап, жалақыны көтеру шараларын қолға алуды жоспарлап отырғаны да көрсетілген. Кадр даярлайтын базалық оқу орны ретінде М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті (ТарӨУ) таңдалды.

ТарӨУ қазір қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының қызметкерлерімен су құзыреті орталығын дамыту және Су шаруашылығы академиясын» құру бойынша бес жылдық жоба әзірлеп жатыр.

Сонымен қатар, төрт отандық ғылыми-зерттеу институты төрт жоғары оқу орнымен бірлесіп, ғылыми концорциум құрды. Концорциум міндеттеріне су қауіпсіздігі мәселелері бойынша іргелі және қолданбалы зерттеулер кіреді.

Бұған қоса мемлекет инновациялық пәндерді қосып, білім беру бағдарламаларын жаңартуға, білім гранттарының сапасын арттыруға уәде беріп отыр. Бірақ тұжырымдамада техникалық және кәсіптік білім туралы айтылмаған. Сонымен қатар, мамандарға деген сұранысты қанағаттандыру үшін су шаруашылығындағы кадрларды басқарудың заманауи тетіктері мен құралдары құрылады.

Мемлекет Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты зертханаларының құрал-жабдықтары мен инфрақұрылымын жаңарту, штаттық санын арттыру және су ресурстары комитеті мен бассейндік инспекцияларда материалдық-техникалық жабдықтауды жақсартуға да уәде берді.

Материал Фридрих Эберт қорының Қазақстандағы өкілдігі мен Астанадағы ЕҚЫҰ бағдарламалар кеңсесімен серіктестікте дайындалды.