Today: 25-11-2024

Президент Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековті қабылдады

Мемлекет басшысына Шымкент қаласының 2023 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде есеп берілді.

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Ақордаға сілтеме жасап хабарлайды.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 26 пайызға артып, 724,3 миллиард теңгені құраған. Былтыр 1 миллиард 51 миллион теңгенің өнеркәсіптік өнімі өндірілген. Құрылыс саласы айтарлықтай жанданып, 1 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілген.

Қала әкімінің айтуынша, өңірде өнеркәсіп саласын дамыту үшін жалпы аумағы 867 гектар болатын 5 өндірістік аймаққа инфрақұрылым тарту жұмыстары қолға алынып, инвестициялық жобалардың пулы жасақталған.

Шаһарда қазіргі уақытта 128 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істейді. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 16,4 пайызға көп. Кәсіпкерлікті дамыту үшін 3498 жобаға жалпы сомасы 19,8 миллиард теңге көлемінде қолдау көрсетілген.

Сонымен қатар Президентке Шымкент шаһарының инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстарының барысы жөнінде баяндалды. Атап айтқанда, қалада жаңа әуежай терминалының құрылысы және теміржол вокзалын реконструкциялау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұдан бөлек, Шымкентте "Ізетті зейнеткер" сауықтыру орталығы, Конгресс холл, Үстел теннисі кешені және жаңа ипподром сияқты нысандар бой көтерген. Былтыр үш мектепке қосымша ғимарат, Оқушылар сарайы және Балаларға арналған шығармашылық орталық пайдалануға берілген. "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы аясында 28 мың оқушыға арналған 18 білім беру мекемесінің құрылысы басталған.

Сонымен қатар Мемлекет басшысына жол-көлік инфрақұрылымын дамыту барысы баяндалды. Қала әкімі 233 шақырым жолға жөндеу жұмыстары жүргізіліп, үлкен жолайырық пайдалануға берілгенін айтты. Сондай-ақ қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында биыл қала көшелеріне 3000 бейнебақылау камерасын орнату, 1000-ға жуық көшені жарықтандыру жоспарланып отыр. Соңғы жылдары осындай жүйелі шаралардың нәтижесінде қылмыс саны 33 пайызға азайған.

Бұдан бөлек, Президентке мемлекет меншігіне қайтарылған нысандар туралы мәлімет берілді. Атап айтқанда, жылдар бойы қараусыз қалған бұрынғы Фосфоршылар сарайы қала балансына қайтарылды. Орталықтағы "Спутник" гүлзары мемлекет меншігіне өтіп, демеушілер есебінен қайта абаттандырылды.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Ғабит Сыздықбековке қала экономикасын одан әрі әртараптандыру, қосымша инвестиция тарту, сондай-ақ шағын және орта бизнесті қолдау шараларын күшейту жөнінде нақты тапсырмалар берді.