Бүгін бокстан Италияның Бусто-Арсицио қаласында өтіп жатқан халықаралық турнирде Қазақстан құрамасының сапынан кімдер сайысқа түсетіні белгілі болды. |
Ел құрамасынан шаршы алаңға ерлер арасында 57 келіде Махмуд Сабырхан эфиопиялық Ядеса Летамен қолғап түйістіреді, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы kazinform.kz-ға сілтеме жасап.
Сондай-ақ Нұрбек Оралбай (80 келі) мен Гаитиден келген Седрик Белони-Дюльепре шаршы алаңға шығады.
Айта кетсек, 3 наурызда Сәкен Бибосынов 51 келіде гонконгтық Каннет Чун Хим Танды жеңіп, жарысты жалғастыруға мүмкіндік алды.
Сондай-ақ 60 келіде Римма Волосенко гайаналық Хаднас-Сах Тианнадан басым түсті. Лицензиялық турнирде 2024 жылғы Париж Олимпиадасының жолдамалары сарапқа салынады. Былғары қолғап шеберлері ерлер арасында 28, әйелдер арасында 21 жолдамаға таласады.
Турнир 3-12 наурыз аралығында өтеді.
Айта кетсек, қазірге дейін ел құрамасынан Азия ойындарында Карина Ибрагимова (57 келі) және Қамшыбек Қоңқабаев (92 келіден жоғары) Париж Олимпиадасына жолдама алып үлгерді.