
Еуропалық Одақ (ЕО) елдеріне әуе қатынасы қазақстандықтар үшін одан әрі қолжетімді болмақ. Бұл туралы LS-ке Азаматтық авиация комитеті хабарлады.
Ведомствоның мәліметінше, Қазақстан үкіметі мен Еуропалық одақ арасында әуе қатынасының жекелеген аспектілерін реттейтін ("Горизонталь келісімдер") келісіміне қол қою жоспарланып отыр.
Бір жыл бұрын бұл құжаттың мәтіні Люксембургте парафирленген**, яғни бекітуге дейінгі соңғы дайындық кезеңінен өткен.
Келісім күшіне енген соң, ЕО-ның кез келген әуе тасымалдаушысы Қазақстанға өз аумағындағы кез келген қаладан тікелей ұшуға мүмкіндік алады. Бұл бұрынғыдай әр елмен бөлек екіжақты келісім жасауды қажет етпейді.
Сол сияқты қазақстандық әуе компаниялары да Еуропалық одақтың кез келген еліне жеке келісімсіз ұшуға құқылы болады.
Азаматтық авиация комитеті мұндай қадам әуе тасымалы нарығындағы бәсекелестікті күшейтіп, бағыттар мен қызмет түрлерінің көбеюіне, ал жолаушылар үшін ыңғай мен таңдау мүмкіндігінің артуына ықпал ететінін атап өтті.
Қазіргі кезде Қазақстанның Air Astana мен SCAT әуе компаниялары Еуропа елдеріне шектеусіз ұша алады.
Бүгінде Қазақстан мен Еуропалық одақтың алты елі арасында (Германия, Италия, Нидерланд, Польша, Чехия және Венгрия) тікелей әуе қатынасы бар. Аптасына екі қазақстандық және үш еуропалық әуе компаниясы жалпы 31 рейс орындайды.
Бұған дейін LS редакциясы елімізде әуе тасымалының кеңеюі туралы жазған болатын.
*2024 жылғы 14 қазанда Люксембургте Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы ынтымақтастық кеңесінің 21-отырысы өткен еді.
**Парафирлеу – халықаралық келісімдер әзірлеу кезінде құжат мәтінінің екі тараппен келісілгенін растайтын рәсім. Ол үшін келіссөзге қатысқан өкілдер өз аты-жөндерінің алғашқы әріптерін (парафтарын) құжаттың әр бетіне және соңына қояды.
Қазақстан атынан құжатқа Азаматтық авиация комитетінің төрайымы Салтанат Томпиева, ал Еуропалық Одақ атынан ЕО Көлік және мобильділік дирекциясының халықаралық авиация жөніндегі саясат офицері Брайан Саймон параф қойған.